Қазақстандық кітапхана мамандары IFLA WLIC 2026 конгресіне қатысты

2026 жылғы 10–13 тамыз аралығында Корея Республикасының Пусан қаласында IFLA WLIC 2026 90-шы Дүниежүзілік кітапхана және ақпарат конгресі өтті.

Конгреске әлемнің 100-ге жуық елінен кітапхана және ақпарат саласының мамандары, зерттеушілер, сарапшылар және кәсіби ұйымдардың өкілдері жиналды. Қазақстаннан 46 делегат, оның ішінде 12 жоғары оқу орны кітапханасының директоры қатысты.

Конгрестің негізгі тақырыбы — «Libraries Powering Transformation» («Трансформацияны алға жылжытатын кітапханалар»). Бағдарлама қоғамның трансформациясы, адамдардың өміріндегі кітапханалардың рөлі және ақпараттық ортаның өзгеруі сияқты үш негізгі бағытты қамтыды. Жасанды интеллект, цифрлық трансформация, инклюзивтілік, тұрақты даму және халықаралық ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Қазақстандық делегаттар кәсіби сессияларға, воркшоптарға, пікірталастарға және тәжірибе алмасу іс-шараларына қатысты. Сонымен қатар кітапхана саласындағы заманауи технологиялар, цифрлық шешімдер және инновациялық өнімдер ұсынылған халықаралық көрмені тамашалады.

Конгресс аясында Корея Республикасының заманауи кітапхана тәжірибесімен танысуға мүмкіндік болды. Қазақстандық мамандар Пусан қаласының кітапханаларына барып, цифрлық сервистерді, заманауи кітапхана кеңістіктерін және жасанды интеллект технологияларын кітапхана қызметіне енгізу тәжірибесін зерделеді.

IFLA WLIC 2026 кәсіби нетворкинг пен халықаралық ынтымақтастықты дамыту үшін маңызды алаң болды. Қазақстандық делегаттар шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасып, жаңа кәсіби байланыстар орнатты және Korean Library Association өкілдерімен ынтымақтастықты нығайтты.

Қазақстандық делегацияның Конгреске қатысуы отандық кітапханалардың халықаралық кәсіби қауымдастықпен байланысын кеңейтуге, озық тәжірибелерді зерделеуге және заманауи кітапхана қызметтерін дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашты.

 

 

Similar Posts