Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары кітапханалары қауымдастығының Жалпы жиналысы өтті

2026 жылғы 21 қазанда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ғылыми кітапханасында «Жоғары оқу орындары кітапханаларының қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің Жалпы жиналысы өтті. Жиналысқа Қазақстанның жоғары оқу орындары кітапханаларының басшылары қатысып, Кітапханалар қауымдастығы Жарғысының жаңа редакциясын талқылап, бекітті және Кітапханалар қауымдастығын дамытудың өзекті мәселелерін талқылауға белсенді қатысты.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселе Кітапханалар қауымдастығының мақсаттарын, міндеттерін, ұйымдық құрылымын және қызмет тәртібін айқындайтын басты құжат — Жарғының жаңа редакциясын талқылау болды. Кітапханалар қауымдастығының президенті Бқытжан Оразалиев жиналысқа қатысушыларға Қауымдастықтың «Қазақстан Республикасының білім және ғылым кітапханалары қауымдастығы» деген жаңа атауын және логотип нұсқасын ұсынды. Жиналысқа қатысушылардың ашық дауыс беруі нәтижесінде Қауымдастықтың жаңа атауы қабылданды.

Ұсынылған атау Қауымдастық қызметі аясының кеңейгенін көрсетеді және оның Жарғысын мойындайтын әрі мақсаттарын қолдайтын білім беру және ғылым ұйымдары кітапханаларының, соның ішінде ғылыми-зерттеу институттары, жекеменшік мектептер, колледждер және басқа да ұйымдар кітапханаларының Қауымдастық қызметіне ерікті түрде қатысуына мүмкіндік береді. Бұл қатысушылар аясын кеңейтіп, білім және ғылым саласындағы әртүрлі үлгідегі кітапханалардың кәсіби ынтымақтастығын дамытуға жағдай жасайды.

Жарғының жаңа редакциясында қазіргі заманғы білім және ғылым ұйымдарының кітапханаларына қойылатын талаптар көрініс тапты. Кітапханалар қауымдастығы өз қызметін еліміздің бүкіл аумағында жүзеге асырады. Республикалық мәртебе алу үшін облыс аумақтарынан өзінің құрылымдық бөлімшелерін ашуы қажет.

Жалпы жиналысқа қатысушылар білім және ғылым ұйымдарының кітапханаларымен кәсіби өзара іс-қимылды кеңейту, өңірлердің Қауымдастық жобаларына қатысуын қамтамасыз ету және жергілікті жерлерде Қауымдастық мүшелерінің қызметін үйлестіру қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты Қазақстан қалаларында Кітапханалар қауымдастығының өңірлік өкілдіктерін құруға жауапты тұлғалар белгіленді.

Жиналыстың күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі Кітапханалар қауымдастығының комитеттерін және бақылаушы органдарын сайлау болды. Дауыс беру нәтижесінде Қауымдастық кеңесі, Атқарушы дирекция және Тексеру комиссиясы сайланды.

Мынадай алты бейінді комитет құру ұсынылды:

  • Кітапхана қызметін нормативтік-құқықтық қамтамасыз ету және кәсіби мүдделерді қорғау комитеті;
  • Ақпараттық ресурстар және оларға қолжетімділікті қамтамасыз ету комитеті;
  • Автоматтандыру, жасанды интеллект және цифрлық трансформация комитеті;
  • Кітапхана білімі, кітапхана қызметкерлерін қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру комитеті;
  • Жобалық-гранттық қызмет және халықаралық ынтымақтастық комитеті;
  • Жұртшылықпен байланыс комитеті.

Тексеру комиссиясы Қауымдастықтың қаржы-шаруашылық қызметіне бақылау жүргізетін болады. Сонымен қатар Кітапханалар қауымдастығына мүшелік мүмкіндіктері қарастырылды. Жарғының жаңа редакциясында мүшеліктің жеке, ұжымдық, құрметті және қауымдастырылған түрлері ұсынылды. Талқылау қорытындысы бойынша Кітапханалар қауымдастығы Жарғысының жаңа редакциясы бірауыздан қабылданды.

Сондай-ақ Қауымдастық қызметінің негізгі бағыттары белгіленді. Олардың қатарында Қазақстан Республикасының білім және ғылым ұйымдары кітапханалары арасындағы ынтымақтастықты дамыту; Қауымдастық мүшелерінің кәсіби мүдделерін білдіру және қорғау; кітапхана-ақпарат саласындағы мемлекеттік саясат пен нормативтік құжаттарды жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу; кітапханалардың цифрлық трансформациясына, заманауи ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізуге жәрдемдесу; кітапхана қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды ұйымдастыру; конференциялар мен семинарлар өткізу және басқа да бағыттар бар.

Кітапханалар қауымдастығының президенті қазіргі заманғы жоғары оқу орны кітапханасы басшысының рөлі артып келе жатқанын, сондай-ақ оның кітапхана қызметін жаңғырту, инновацияларды енгізу және университетпен серіктестік қатынастар орнату жөніндегі жауапкершілігін атап өтті.

Қауымдастықтың 2024 жылы жасалған меморандум аясында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетімен ынтымақтастығын жалғастыруға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Қауымдастық аясында кітапханашылардың біліктілігін арттыруға арналған білім беру бағдарламаларын жүргізуге рұқсат құжаттарын алу, сондай-ақ Кітапханалар қауымдастығын білім және ғылым ұйымдары кітапханалары қызметінің негізгі бағыттары бойынша нормативтік-құқықтық құжаттарды әзірлейтін сараптамалық алаң ретінде тану мәселелері талқыланды.

Бүгінде кітапханалардың дамуы көбіне ресурстарды, кәсіби құзыреттерді және озық тәжірибелерді біріктіруге байланысты. Қауымдастық ынтымақтастықтың, кәсіби диалогтің және өзекті міндеттерді бірлесіп шешудің алаңына айналуға тиіс.

Жаңа басшылық құрамға табысты жұмыс тілейміз! Қазақстан Республикасының білім және ғылым кітапханалары қауымдастығының қызметі қоғамдағы кітапханашы мәртебесін арттыруға, кітапхана-ақпарат саласын дамытуға, сондай-ақ білім беру және ғылыми ортадағы заманауи өзгерістерге ықпал ететініне сенімдіміз.

Similar Posts