2026 жылғы сәуір айында М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінде Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындары кітапханалары қауымдастығының жыл сайынғы конференциясы өтті.
Конференция аясында еліміздің кітапхана саласы үшін маңызды шешім қабылданып, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Ғылыми кітапханасының директоры Бақытжан Әсетілдәұлы Оразалиев Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындары кітапханалары қауымдастығының Президенті болып сайланды.
Кәсіби қауымдастықтың бірауыздан қолдауына ие болған бұл шешім еліміздің жоғары білім мен ғылым жүйесіндегі маңызды ұйымның жаңа даму кезеңіне жол ашады.
Бақытжан Әсетілдәұлының жетекшілігімен Қауымдастық жоғары оқу орындары кітапханаларының қызметіне жасанды интеллект технологияларын енгізуге, ұлттық бастамаларды ілгерілетуге және смарт-кітапханалар желісін қалыптастыруға бағытталған ауқымды жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар, Қазақстандағы жоғары оқу орындары кітапханаларының электрондық каталогтарын біріктіру, студенттер мен жас ғалымдардың әлемдік ғылыми дерекқорларға қолжетімділігін кеңейту, кітапхана мамандарының заманауи IT-құзыреттері мен деректерді талдау саласындағы біліктілігін арттыру, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты нығайту негізгі басымдықтардың бірі болады.
Бақытжан Әсетілдәұлы Оразалиевті осы жауапты қызметке сайлануымен шын жүректен құттықтаймыз! Оған зор денсаулық, еліміздің білім және ғылым саласын дамыту жолындағы еңбегіне толағай табыс, барлық бастамаларының сәтті жүзеге асуын, жаңа жетістіктер мен шығармашылық табыстар тілейміз!
